«Біртұтас тәрбие»

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің
2024 жылғы 30 шілдедегі №194 бұйрығы

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, білім беру ұйымдарының барлығына енгізілді.
Ал 2024 жылы өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбындағы тапсырмасына сәйкес, бағдарламаның мазмұны жаңартылды.

Бағдарламада мемлекет дамуының бірыңғай көрінісі мен оған қол жеткізу жолындағы қоғам күшінің бірігуі көрсетілген. Сонымен қатар, еліміздің болашақ бейнесі мына үштік формула арқылы айқындалады:
«Әділетті Қазақстан – Жауапты азамат – Өркениетті ұлт».
Бұл үш құрамдас өзара тығыз байланысты және бірін-бірі толықтырады. Олар елімізді демократиялық институттары дамыған, құқық үстемдігі қамтамасыз етілген, заң мен тәртіп салтанат құрған әділетті мемлекет ретінде қалыптастыруға бағытталған стратегиялық жаңғыру бағытын білдіреді. Бұл – «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізгі идеясы.

Бағдарлама мазмұнына ұлт бейнесін айқындайтын негізгі құндылықтар енгізілген. Олар:

  • Тәуелсіздік пен патриотизм;

  • Бірлік пен ынтымақ;

  • Әділеттілік пен жауапкершілік;

  • Заң мен тәртіп;

  • Еңбекқорлық пен кәсібилік;

  • Жаратушылық пен жаңашылдық.

«Әділеттілік – қағида ретінде, жауапкершілік – негіз ретінде, прогресс – мақсат ретінде» ұраны Бағдарламаның басты идеялық тұжырымдамасы болып табылады.

БАҒДАРЛАМА МАҚСАТЫ:

Қазақ мәдениетінің құндылықтарына негізделген,
рухани-адамгершілік қасиеттері дамыған,
азаматтық жауапкершілігі мен патриоттық сезімі жоғары,
адал және әділ тұлғаны қалыптастыру.

Бағдарламаны іске асыру
құндылыққа бағытталған және құзыреттілікке негізделген тәсілдер арқылы жүзеге асырылады. Бұл тәсілдер оқыту, тәрбиелеу және дамыту үдерістерінің өзара интеграциясына бағытталған.