"Адал азамат"

Жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында, соның ішінде жеке меншік мектептерде де, тәрбие жұмысы «Адал азамат» атты бірыңғай бағдарлама негізінде жүзеге асырылады.

Бұл — бұған дейін қолданылған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының заңды жалғасы. Алайда мазмұны жаңартылып, атауы Мемлекет басшысының «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» атты идеологиялық тұжырымдамасына сай өзгертілді.

Бағдарламаның үйлестірушісі – Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығымен бағдарлама ресми түрде жаңа атаумен бекітілді. Оның басты мақсаты – адал және еңбекқор азаматты тәрбиелеу.
Тәрбие жүйесі жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы әріптестікті күшейтуге бағытталады.

Биылғы жылдан бастап мұндай стандарттар жеке меншік мектептер үшін де міндетті болады.
Бұл барлық өңірлерде тәрбиелік жұмысты біріздендіруге және тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Барлық мектептер үшін бірыңғай визуалды стандарт әзірленеді.
Оқу орындарының ішкі және сыртқы келбеті ұлттық тәрбие құндылықтары мен мәдениетті бейнелейтіндей безендірілетін болады.

Тәрбие процесіне қатысушы барлық тараптардың үйлесімді жұмысына ерекше назар аударылады.
Мектептегі тәрбие жұмысы жергілікті атқарушы органдармен, құқық қорғау органдарымен, денсаулық сақтау және ішкі саясат бөлімдерімен өзара байланыста жүргізіледі.

Ай сайынғы тақырыптар оқу және сыныптан тыс іс-шараларды мазмұндық жағынан байланыстыратын болады.
Мысалы: әділеттілік, еңбекқорлық, патриотизм және т.б.
Осы мақсатта оқу процесіне «Өнегелі 15 минут», күй түріндегі қоңырау, ұлттық ойындар сияқты жаңа форматтар енгізіледі.
Сондай-ақ оқушылардың сыныптан тыс өмірлік тәжірибесін кеңейтуге баса мән беріледі.

Бұған дейін «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында мына алты ірі жоба жүзеге асырылған болатын:

  • «Қамқор» (экология және волонтерлік);

  • «Еңбегі адал – жас өрен» (еңбекке ынталандыру және кәсіптік бағдар);

  • «Smart Bala» (IT және инновациялық ойлауды қолдау);

  • «Шабыт» (өнер және мәдениет арқылы рухани даму);

  • «Ұшқыр ой алаңы» (дебаттар мен интеллектуалдық ойындар);

  • «Балалар кітапханасы» (сауаттылық пен кітап оқу мәдениетін арттыру).

Сонымен қатар бұрынғыдай профилактикалық жобалар да өз жұмысын жалғастырады:

  • «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам»,

  • «Буллингтен қорған!»,

  • «Қауіпсіз қоғам».

Аталған жобалар балалардың арасында буллингтің, құқықбұзушылықтың және басқа да қауіптердің алдын алуға бағытталған.