Мемлекет басшысының үндеуі
Мемлекет басшысы: «Жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді мектеп қабырғасынан қалыптастыру қажет»
«Экономиканы цифрлық ауқымды жаңғырту адами капиталды дамытудың жаңа талаптарын алға тартуда. Бұл ретте білім беру ерекше рөлге ие.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуы тиіс.
Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын қарқынды түрде өзгертіп жатыр. Бүгінгі таңда жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын мамандарға сұраныс артып келеді.
Сондықтан менің тапсырмам бойынша жоғары технологиялық жобаларға 100 мыңға дейін студентті тартуға бағытталған Al-Sana бағдарламасы іске қосылды.
Алайда жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді қалыптастыру әлдеқайда ертерек – мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Осыған байланысты бірқатар бастамаларды жүзеге асыру қажет. Ең алдымен, мектеп оқушылары үшін жасанды интеллект негіздері бойынша бағдарлама мен оқу материалдарын әзірлеу керек. Сонымен қатар, педагогтардың да жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдыларын қалыптастыру қажет.
Қашықтан оқыту және жасанды интеллект негізінде Qazaq Digital Mektebi атты шағын жинақты мектеп моделін әзірлеу керек. Мұндай платформа ауыл оқушыларына сапалы оқу материалдарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ жеке капиталды тарту арқылы балаларды дамыту орталықтарын салу бойынша елорда тәжірибесін кеңінен енгізу қажет. Көптеген кәсіпкерлер осы салаға көмектесуге дайын екенін білдіріп отыр, сондықтан әкімдер оларды осы жобаларды іске асыруға белсенді түрде тартуы тиіс».